Өнер атаулының арасында каллиграфияның орны ерекше. Қасиетті Құран Кәрім аяттарын әсемдеп жазу арқылы каллиграфия өнеріне жол ашылды.
Мұсылмандардың көркем өнерге деген құштарлығы жансыз әрі пішінсіз бейнелеу өнерімен шұғылдану арқылы шешім тапты.
Осы өнерге қызығушылық танытып шалқар шабытымен діни каллиграфия өнерімен айналысып жүрген жандардың бірі жылыойлық Рызабай Оразғалиев.
Жасы жетпістен асқан ақсақал бүгінде сурет салумен айналысады. Қасиетті Рамазан айының отыз күніне арналған отыз түрлі мағына беретін және ораза айт мейрамының қасиетін сезіндіретін түрлі пішінде туындылары бар.
«Мен әуесқой суретшімін. Жасым үлкейгенде әр түрлі ойлар келіп сол ойларымды қағаз бетіне түсіріп, құсни хат салуды жөн деп таптым. Шабытым келгенше қағаз бен қаламды серік етемін. Рамазан айының әр күні берекеге толы. Сондықтан әр күнге арнап сурет салып шықтым. Басты мақсатым каллиграфия өнерін барынша насихаттау сол арқылы қарапайым халыққа діни дұрыс ақпарат беру».
Қылқалам шебері бүгінде өңірдің тыныс-тіршілігін бейнелейтін түрлі тақырыпта сурет салып келеді. Еңбектерімнің ішіндегі өзіме ең жақыны Қасиетті Рамазан айы мен ораза айт мейрамына арнап салынған туындыларым» дейді суретші.