Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінен Сарайшық қалашығының түпнұсқалық топографиялық жоспары табылды. Бұрын-соңды жарық көрмеген және зерттеушілер назарынан тыс қалған құжат «План городу Сарайчик в Яика Гурьев городка в верх по реке Яик верстах в 60 снят прошлого 741 году» деп аталады.
Жоспардың масштабы 50 сажен (1 сажен – 2,16 м), бетіндегі мәтіндер XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы шапшаң жазу үлгісімен берілген. Авторы белгісіз, алайда құжаттағы «Инженеру капитан Петру Кутузов» деген жазуға қарағанда, сызба сол кезеңде Астрахань инженерлік департаментін басқарған инженер-капитан Петр Кутузовқа жолданған болуы керек.
Ғалымдардың ойынша жоспар ортағасырлық Сарайшық қалашығының жанынан бекініс қамал салу үшін жасалған.Себебі Орынбор комиссиясын басқарған В.Татищевтің Жайық (Оралдан) қалашығынан төмен аумақты қорғау мақсатында қамалдар мен бекіністер салып, оған Қазан әскери полкі мен алексеевтік және самарлық дворяндарды тарту туралы жобасы 1739 жылдың бас кезінде Петербургте мақұлданған болатын. Осыған орай жоспар аталған жоба аясында жасалуы мүмкін деп есептейді ғалымдар.