Пыштанай батырдың жезтырнақпен айқасы туралы естідіңіз бе?
Пыштанай батырдың жезтырнақпен айқасы туралы естідіңіз бе?

Қазақ фольклорында көп кездесетін, фольклорлық мұралардың көпшілігінде суреттелетін, бойында жойқын күші бар, адамға қас кейіпкердің бірі – жезтырнақ.

Ол – мифтік бейне. Бүгін жезтырнақ туралы сөз қозғамақпыз. Кіші жүздің даңқты батыры Әбілхайыр ханның ту ұстаушысы болған Пыштанай Ерқосайұлы туралы деректер айтылып та жазылып та жүр. Жақында батыр ұрпақтарымен әңгімелесіп отырып қызықты оқиғаны естідім.

Пыштанай батырдың есімі аталғанда ең бірінші ойға оралатыны – жезтырнақ. Ел аузында сақталған аңызға сәйкес, «Аңырақай шайқасы» жеңіспен аяқталған соң Пыштанай батыр елге жалғыз қайтып келе жатады. Жолда аң атып, қалың орманның шетінде аңның етін отқа қақтап отырады.

Осы кезде орман жақтан денелі үлкен кісі үн-түнсіз от басында отырған Пыштанай батырға қарама-қарсы келіп отырады. Отқа қақталып, піскен етті батыр әлгі кісіге ұсынады. Қара қойдың терісінен тігілген тонды айналдырып киген әлгі адам етті алмай, басын шайқайды. Көп аялдамай, орнынан тұрып, келген жағына кетіп қалады. Пыштанай бұл кісінің жезтырнақ екенін білген екен.

Себебі, ол батыр ұсынған етті қолымен алмады, саусақтарын көрсеткісі келмеді. Үн-түнсіз кетіп қалады. Жезтырнақ көзден кеткен соң Пыштанай қорғанудың амалына кіріседі. Үлкен томарды алып, оның үстіне сырт киімін жабады, бас жағына бас киімін кигізеді. Ал өзі оқ жететін жердегі бір ағаштың тасасына тығылады.

Түн ортасы болғанда бағанағы дәу келіп, томарды қапсыра құшақтап, қос қолымен бүріп, тырнағын батырады. Осы кезде аңдып отырған Пыштанай жезтырнақты атып өлтіреді де, қос қолын кесіп алады. Сол тырнақ бүгінде ұрпақтарының қолында сақтаулы. Батыр мұрасын зерттеп жүрген жандардың бірі Ибраймбек Төлегенұлының айтуынша бүгінде сақтаулы жезтырнақтың бір тырнағынан бөлек басқа да тырнақтары ел арасында болуы мүмкін дейді.

«Көптеген тарихи деректер мен аңыз-әңгімелерде бабамыздың жезтырнақпен айқасы туралы айтылады. Бұл әрине шындық болуы да мүмкін. Десе де интернет материалдарын қарап отырып, жезтырнаққа ұқсас мақұлұқтардың басқа қауым, тайпаларда да болғанын естимін. Мүмкін бұл ертедегі жабайы адамдар ма деп те ойлаймын» дейді.

Бұндай мақұлұқтардың болғандығы турасында дін мамандары да мысалдар келтірді.

Арман Исаев, исламтанушы:

«Тәмимуд Дари атты кісі алғашқыда христиан болып, артынан Исламды қабылдаған соң Хазіреті Пайғамбарымызға бір сапарда адасып жүріп, Дажжалмен кездескені жөнінде айтып береді. Ол қасында отыздай ұлты араб кісілермен теңіз сапарына шығып, жолда адасып бір аралға тап болады.

Онда үсті-басын жүн басқан бір адамнан жөн сұрағанда, ол шіркеудегі бір кісіге жолдайды. Шіркеуге барғанда олар аяқ-қолы кісендеулі еңгезердей біреуді көріп, одан жөн сұрайды. Әңгіме барысында әлгі кісендеулі адам оларға Хазіреті Пайғамбардың келіп‑келмегенін, арабтармен шайқасып‑шайқаспағандығы жайында бірқатар сұрақтар қояды.

Жолшылар болса Пайғамбарымыздың арабтарды жеңгендігін және өзіне бағындырғандығын айтады. Сонда Дажжал оларға: «Мен енді өзімді таныстырайын, мен Мәсих Дажжалмын. Бостандыққа шығуға рұқсат берілетін уақыт аз қалды. Сол кезде жер бетін шарлаймын. Қырық күн ішінде Мекке мен Мадинадан басқа бармаған ауылым қалмайды.

Бұл екі қала маған харам етілді. Ол екі қаланың біріне қалай кірмекке әрекеттенсем, сол сәт қолында жалаң қылышы бар бір періште алдымнан шығып, ол жаққа кіруіме кедергі жасайды. Ол қаланың әрбір өткелінде бір‑бірден періштеден тұрады». Хазіреті Пайғамбарымыз сол Дажжал шынжырлаулы тұрған мекен жайында былай дейді: «Ол Шам теңізінде немесе Йемен теңізінде. Жоқ, ол шығыс жақтан шығады. Иә, ол шығыс жақтан шығады. Ол шығыс жақтан шығады! – деп қолымен шығыс жақты меңзеді» (Муслим, Фитән 119; Әбу Дәуіт, Мәлахим 15)

Қорыта айтқанда, қазақ фольклорындағы жезтырнақ – тау мен тасты, болмаса орманды мекендейтін, жұптасып өмір сүретін, адамнан өткір тырнақтарымен ерекшеленетін, бар күш-қуаты өткір тырнақтарына жиналған  қаскөй күш.

Нұркен МАҒРИДЕНҰЛЫ

Нұркен МағриденұлыНұркен Мағриденұлы
1 год назад 1552
0 комментариев
О блоге
Прямой эфир